Заречный тұрғындарына жаңа баспана: Петропавлда су тасқынынан зардап шеккендерді көшіру жалғасуда

Заречный тұрғындарына жаңа баспана: Петропавлда су тасқынынан зардап шеккендерді көшіру жалғасуда

Петропавлда 2024 жылғы су тасқынынан зардап шеккен Заречный кенті тұрғындарын көшірудің екінші кезеңі өтті. Қоныс тойын тойлаушыларға жаңадан салынған 72 пәтерлі тұрғын үйдің кілттері табысталды. Зардап шеккен азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылуда. Заречный тұрғындарын кезең-кезеңімен көшіру су басу аймағында қалған отбасылардың баспана мәселесін толық шешуге мүмкіндік береді.

Бұл маңызды оқиға Солтүстік Қазақстан облысының 90 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Өңір мерейтойлық жылды халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған ауқымды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырумен қарсы алуда.

«Бүгін біз екінші тұрғын үйдің пәтер кілттерін табыстап отырмыз. Баршаңызды қуанышты оқиғамен құттықтаймын! Қазіргі уақытта осы бағыттағы соңғы тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жоспар бойынша оны келесі жылы пайдалануға береміз. Осылайша, су тасқынынан зардап шеккен Заречный кентінің барлық тұрғынын баспанамен қамтамасыз етуді көздеп отырмыз», – деді облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кенесов.

Жаңа тоғыз қабатты тұрғын үйді алдағы бір-екі айдың ішінде толық қоныстандыру жоспарланған. Пәтерлерді бөлу кезінде су тасқыны салдарынан жарамсыз болып қалған баспаналардың аумағы ескеріледі. Сонымен қатар Заречный кентінің аумағын босату жұмыстары жалғасуда. Тұрғындары көшірілген үйлер кезең-кезеңімен сүріледі. Ал көппәтерлі тұрғын үйлер баспанаға аса мұқтаж азаматтарды уақытша орналастыру үшін әзірге сақталады. Үшінші тұрғын үй пайдалануға берілгеннен кейін 2024 жылғы су тасқынынан зардап шеккен Заречный тұрғындарын көшіру жұмыстары толығымен аяқталады.