
Құрметті солтүстікқазақстандықтар!
Бүгін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы – жалпыхалықтық референдумда азаматтардың еркімен қабылданған Халық Конституциясы заңды күшіне енеді. Бұл – еліміздің дамуындағы жаңа кезеңге жол ашатын, мемлекетіміздің тарихындағы айрықша маңызы бар оқиға.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, халық – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы. Ал жүзеге асырылып жатқан реформалар азаматтардың ерік-жігері мен Әділетті Қазақстан құруға деген ортақ ұмтылысын айқын көрсетеді.
Жаңа Конституция – жаңартылған Ата Заң ғана емес. Бұл – мемлекеттілікті нығайтуға, Заң мен Тәртіп қағидатын орнықтыруға, мемлекеттік биліктің жауапкершілігін арттыруға, азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына және әрбір адамның өз әлеуетін жүзеге асыруына кең мүмкіндік беретін ауқымды жаңғырулардың берік негізі.
Алдымызда мемлекет пен қоғамның бірлескен үлкен міндеттері тұр. Бірлік пен өзара сенімге, ортақ жауапкершілікке сүйене отырып қана біз қуатты, қауіпсіз әрі өркендеген Қазақстанды бірге қалыптастыра аламыз.
Осы маңызды тарихи оқиғамен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!
Халық Конституциясы ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің, мемлекетіміздің тұрақты дамуы мен әрбір отбасының бақ-берекесінің берік кепілі болсын!