
БАҚ күніне орай Солтүстік Қазақстан облысында салтанатты іс-шара өтті. Өңір журналистерін кәсіби мерекесімен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тәуелсіз, кәсіби әрі жауапты бұқаралық ақпарат құралдары – әділетті қоғам мен орнықты демократиялық дамудың берік тірегі екенін үнемі атап келеді. Журналистер қауымының қажырлы еңбегі елді шынайы әрі сапалы ақпаратпен қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтып, ашық пікір алмасу мәдениетінің қалыптасуына зор үлес қосуда. Барша бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне кәсібиліктері, объективті ұстанымдары, принципшілдіктері және өз істеріне деген жауапкершіліктері үшін шынайы алғысымды білдіремін», – деді өңір басшысы.
Іс-шара барысында ақпарат саласының 59 өкілі мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Көп жылғы адал еңбегі, жоғары кәсіби шеберлігі және отандық журналистиканың дамуына қосқан елеулі үлесі үшін оларға «Парасат» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Еңбек ардагері» ведомстволық медалі, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, сондай-ақ өңірдің ақпарат саласын дамытуға қосқан үлесі үшін арнайы естеліктер табысталды.
Мемлекет басшысының атынан бұқаралық ақпарат құралдарының екі жас өкіліне жаңа пәтердің кілтін табысталды. Бұл – журналист мамандығына көрсетілген зор құрметтің, ақпарат саласы қызметкерлеріне мемлекет тарапынан жасалып отырған тұрақты қолдаудың және олардың қоғамдағы маңызды рөлінің айқын дәлелі.