
Өңіріміздің тарихында алғаш рет Қазақстанның баға жетпес тарихи мұраларының бірі – бірегей Ботай мәдениетіне арналған толықметражды көркем фильм түсірілуде. Бұл жоба өңір мен ел үшін стратегиялық маңызға ие. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтыңөңірлерде креативті индустрияны дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Фильмнің түсірілімі халықаралық тәжірибе мен жергілікті мамандардың әлеуетін тоғыстырған облыстың креативті индустрия саласындағы флагмандық жобасына айналды.
Қазіргі таңда түсірілімнің негізгі кезеңі басталды. Ол Петропавл қаласын ғана емес, облыстың бірқатар аудандарын да қамтиды. Бұл фильм өңіріміздің бай тарихи-мәдени мұрасын кеңінен танытуға зор үлес қоспақ. Сондай-ақ көрермен қауымды Ботай мәдениетінің бірегей тарихымен таныстырып, Солтүстік Қазақстанды Ұлы дала өркениетінің бастау алған мекені ретінде жаңа қырынан танытады.
Өңір басшысы түсірілім тобына табысты жұмыс, шығармашылық шабыт тілеп, фильмнің еліміздің мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналып, Солтүстік Қазақстан облысын республикалық және халықаралық деңгейде лайықты таныстыратынына сенім білдірді.