
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов халықаралық және республикалық олимпиадалардың, сондай-ақ ғылыми жобалар байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен кездесті.
«Өңірдің ең басты байлығы – балаларымыз. Білімді, бастамашыл әрі бәсекеге қабілетті жас ұрпақ – еліміздің жарқын болашағының берік негізі. Бүгінде біздің оқушыларымыз өз жетістіктерімен Солтүстік Қазақстанның абыройын асқақтатып, өңірімізді республика көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де танытып келеді. Балалардың қабілетін шыңдап, олардың білімге деген құштарлығын қолдап жүрген ұстаздар мен ата-аналарға шынайы алғысымды білдіремін. Жас дарындардың алдағы уақытта да толағай табыстарға жетіп, жаңа белестерді бағындыратынына сенімдімін», – деді облыс әкімі.
Бүгінде өңірде 73 мыңнан астам оқушы білім алуда. Олардың 2,5 мыңнан астамы түрлі деңгейдегі зияткерлік сайыстарға белсенді қатысып, облыс пен елдің мерейін абыроймен қорғап келеді.
Биыл 33 жоғары сынып оқушысы халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында үздік нәтиже көрсетіп, жеңімпаз және жүлдегер атанды. Жас дарындардың жетістіктерін бағалап, олардың еңбегі мен білімге деген ұмтылысын қолдау мақсатында облыс әкімі арнайы сыйақылар табыстады.