
Петропавлда республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Таза ескерткіш - таза жады» экологиялық акциясы өтті. Қала жастары мен еріктілері Анастасия Прокофичева ескерткішінің аумағын ретке келтірді.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және қоғамдық кеңістіктердің тазалығы үшін жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Акцияға 30 адам қатысты. Ұйымдастырушы - Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық даму және ақпарат орталығы» КММ жастар бастамалары бөлімі.
Тазалық жұмыстары командалық форматта өтті. Қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, әрқайсысы аумақтың белгілі бір бөлігіне жауапты болды. Бір топ ескерткіш тұғыры мен баспалдақтарын шаң мен кірден тазартса, екіншісі маңайдағы гүлзарларды құрғақ шөптен, жапырақтар мен арамшөптерден арылтты. Сондай-ақ монументке апаратын аллеялардағы ұсақ тұрмыстық қоқыс жиналды.
Акцияның мақсаты - жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, туған өлке тарихына құрметпен қарауға тәрбиелеу және қоғамдық кеңістіктерді таза ұстауға үндеу.
Мұндай бастамалар өңірде жүйелі түрде өткізіліп келеді. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жастар, еріктілер және белсенді тұрғындар экологиялық акцияларға, сенбіліктерге және абаттандыру жұмыстарына тұрақты қатысуда.
Сондай-ақ өңірде тағы бір экологиялық бастама жүзеге асырылуда. Танымал блогерлер мен инфлюенсерлер #ТазаОрта және #ТазаҚазақстан хэштегтерімен табиғатқа және ел ресурстарына жауапкершілікпен қарау туралы бейнероликтер жариялап жатыр. Әлеуметтік желі өкілдері сенбіліктер мен өзге де экологиялық акцияларды қолдап, «Таза Қазақстан» бағдарламасына кең аудиторияны тартуға ықпал етуде.
#ТазаҚазақстан #тұрақтыдаму #тазаел #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan