
Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының №3 қосалқы аймағында жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысымен танысты.
Бұл жер өңірдің негізгі өнеркәсіптік алаңы ретінде қалыптасып, инвесторлар үшін тартымды инвестициялық орталыққа айналып отыр. Бүгінде қосалқы аймақ қажетті инженерлік желілермен қамтамасыз етілген, автомобиль жолдарының құрылысы жалғасып жатыр.
Отандық инвестор - «Радуга» ЖШС жүзеге асырып жатқан «ECO GLADE» компост зауытының құрылысы аяқталуға жақын. Кәсіпорын толықтай автоматтандырылған. Шілде айында «Бейкертон» ЖШС жылына 15 мың тонна донат өндіретін зауытты іске қосуды жоспарлап отыр. Қазан айында «Агрофирма Есильская» ЖШС жоңышқа сабанынан түйіршік (пеллет) өндіретін зауытты пайдалануға бермек.
Қытайлық «QILU Agro» ЖШС тракторлар мен ауыл шаруашылығы техникасын шығару жобасын жүзеге асырып жатыр. Бірінші өндірістік корпус толық дайын, мамыр айында екінші корпустың құрылысы басталады. Сонымен қатар, қуаты 100-ден 500 а.к. дейінгі «QILU» брендімен алғашқы 10 трактор құрастырылды.
«Гофропак» ЖШС «Техноэкопарк» жобасы аясында жылына 16 мың тонна қағаз өнімдерін шығаратын фабриканың құрылсын жүзеге асыруда. «KazHemp» ЖШС жылына 1 000 тонна ағаш массасы мен целлюлоза өндіретін зауытты маусым айында, ал «KazCraneEngineering» ЖШС жылына 100 бірлікке дейін жүк көтергіш-тасымалдау жабдықтарын шығаратын зауытты қыркүйек айында іске қоспақ.
Бүгінде «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймақтың құрамында 21 қатысушы тіркелген, 6 жоба іске қосылды. Одан бөлек жалпы сомасы 368,6 млрд теңгені құрайтын 15 инвестжобаның құрылысы жүргізілуде. Бұл өңірдің индустриялық дамуына жаңа серпін береді.