
Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов өңірдегі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарын бақылау мақсатында бірқатар нысандарды аралады. Жұмыс сапары барысында Қызылжар ауданындағы қорғаныс құрылыстарының дайындығы, Заречный кентіндегі айналма каналдың жағдайы, сондай-ақ Петропавл қаласындағы гидротораптағы ахуал тексерілді.
Сапар қорытындысы бойынша Прибрежное кентінде су тасқынына қарсы штаб құру тапсырылды. Қазіргі таңда барлық негізгі учаскелер ерекше бақылауға алынған.
Сонымен қатар, облыс әкімі Прибрежное ауылына апаратын облыстық маңызы бар автомобиль жолын реконструкциялау барысымен танысты. Жоба аясында үш аралықты көпір өткелі салынуда. Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.
Мамандардың мәліметінше, 31 наурыз күні Сергеев су қоймасында су деңгейінің көтерілуіне байланысты бөгет арқылы су ағуы басталған. Қазіргі уақытта оның деңгейі 8 см-ді құрайды. «Қазгидромет» РМК болжамына сәйкес, су тасқынының шарықтау шегі сәуір айының екінші–үшінші онкүндіктерінде күтіледі.
Өңірде су деңгейіне тәулік бойы мониторинг жүргізіліп, барлық қажетті күштер мен құралдар жұмылдырылған. Жағдай тұрақты бақылауда.