Әкімдіктің отырысында инвестиция тарту және «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру мәселелері қаралды

Әкімдіктің отырысында инвестиция тарту және «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру мәселелері қаралды

Инвестиция тарту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған негізгі міндеттердің бірі болып қала береді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірге 609 млрд теңге инвестиция тартылды. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 160,9 млн АҚШ долларын құрап, жоспардан екі еседен астам асып түсті.

Бірқатар ірі инвестициялық жобалар пысықталуда. Атап айтқанда, «Казтехмаш» кәсіпорны Liugong компаниясымен бірлесіп жол-құрылыс техникасын өндіруді іске қосады. «Qyzyljar» АЭА аумағында түрік инвесторының қатысуымен ірі май экстракциялық зауыт салу жоспарлануда. Сондай-ақ JCB компаниясымен келіссөздер жүргізілуде, «Ультрадекор» және YDA Group жобалары жүзеге асырылуда. Қосымша серпін беретін маңызды жоба - әуежай базасында «Qyzyljar» АЭА аумағында мультимодальды логистикалық хаб құру.

«Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыруға ерекше назар аударылуда. 2024–2025 жылдары 3 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, 240 мың тонна қалдық жиналды, 200 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Аумақтарды абаттандыру, өзен-көл жағалауларын тазарту және экологиялық ағарту бағытындағы волонтерлік жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар цифрландыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде: Петропавл қаласында 113 мың жасыл желек цифрландырылып, ағаштардың электрондық паспорттары енгізілуде.

Облыс әкімі инвестиция тарту жоспарын орындау, инвесторлармен жұмысты жандандыру, жобаларды іске қосу мен пайдалануға беруді жеделдету, сондай-ақ оларды іске асырудың барлық кезеңінде кешенді сүйемелдеуді қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар берді.  Одан бөлек экологиялық жұмысты жүйелету, цифрлық шешімдерді дамыту және барлық жоспарланған міндеттердің сапалы орындалуын қамтамасыз ету міндеттелді.