
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов су тасқыны қаупі жоғары аудандардағы жағдаймен танысты. Қалада су тасқынының алдын алу мақсатында жүйелі және кешенді шаралар қабылдануда. Мүмкін болатын су басу жағдайларына жедел әрекет ету үшін Жұмысшы кенті мен Бірлік шағын ауданында жедел штабтар құрылды. Аталған аумақтар еріген қар суының әсеріне ең бейім аумақтар қатарына жатады. Сонымен қатар, Береке шағын ауданында бақылау шаралары күшейтілді.
Қысқы маусым басталғалы бері қар шығару, нөсерлі кәріз жүйелері мен арықтарды тазалау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін шамамен 900 мың текше метр қар шығарылды. Қазіргі уақытта жұмыстар күшейтілген режимде жалғасуда: 200-ге жуық арнайы техника, 100-ден астам мотопомпа, 30 ассенизаторлық техника және 350-ден астам адам, оның ішінде еріктілер, әскери қызметшілер мен коммуналдық қызмет мамандары жұмылдырылған.
Бүгін Наурызнама онкүндігінің қорытынды күні – Тазару күні. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасын жүзеге асырудың жаңа кезеңін бастайтын ауқымды экологиялық акция бастау алды. Облыстың барлық аудандарында аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді тазалау жұмыстары ұйымдастырылуда. Әсіресе, мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетуге ерекше назар аударылуда - еріктілер тұрғындардың аулалары мен үй маңындағы аумақтарын қардан тазалауға белсенді түрде көмек көрсетуде.