
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге бастаған делегациямен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Франция арасындағы өзара құрмет пен сенімге негізделген қарым-қатынастардың тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті. Бұл үрдіс өңіраралық ынтымақтастықтың нығаюына да оң ықпалын тигізуде.
Атап айтқанда, өткен жылдың қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы мен Франция арасындағы тауар айналымы 23 есеге ұлғайды. Экспорттың негізгі бөлігін қара металл бұйымдары құраса, өңірге Франциядан көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасы импортталады.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласында нәтижелі жобалар жүзеге асырылуда. Францияның қаржылай қолдауымен өңірде 16 телемедициналық кешен енгізіліп, ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі артты.
Кездесу қорытындысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыру, сондай-ақ өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инновациялар және мәдениет салаларында тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.