
Биыл облыста Наурыз мейрамы ерекше форматта өтуде. Алғаш рет ауқымды мерекелік іс-шаралардың салтанатты ашылуы облыс орталығында емес, ауылдық жерде - Есіл ауданының Явленка ауылында ұйымдастырылды. Ауыл - ұлттық құндылықтардың алтын діңгегі, салт-дәстүр мен мәдениеттің қайнар көзі. Дәл осы ортада Наурыз мейрамының мәні тереңірек сезіледі.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов мерекелік іс-шараларға қатысып, өңір тұрғындарымен бірге Ұлыстың ұлы күнін қарсы алды.
Биылғы мерекенің басты ерекшелігі - цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарының кеңінен қолданылуы. Бұл дәстүрлі мерекеге заманауи серпін беріп, оның мазмұнын жаңа қырынан ашуға септеседі. Явленка ауылында бүгінде заманауи цифрлық орта қалыптасып келеді. Мұнда ашылған IT-орталықта аудан тұрғындары, әсіресе жастар, жаңа технологияларды меңгеріп, сұранысқа ие дағдыларды игеріп, өз жобаларын жүзеге асыруда.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ашылған кондитерлік цех Наурыз мерекесіне орай IT-орталық резиденттерімен бірлесіп, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, ұлттық дәстүр мен заманауи тәсілдерді үйлестірген ерекше мерекелік десерт әзірледі.
Сондай-ақ мерекелік іс-шаралар аясында облыс әкімі көпбалалы Әлжановтар отбасына барды. Ағжан аға мен Қайржан апа алты бала тәрбиелеп өсіріп, саналы ғұмырын туған жерінде адал еңбек етуге арнаған. Олардың өмір жолы - еңбекқорлықтың, жауапкершіліктің және ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісі.