
Жыл сайын Наурыз мейрамын тойлау тек орталық алаңдарда ғана емес, сонымен қатар аулаларда да ұйымдастырылып, айналаға ерекше жылулық пен татулық сыйлайды.
Осы орайда, Петропавл қаласындағы Чайковский көшесі, 13 мекенжайында орналасқан аулада мерекелік іс-шара өтті. Аталған аула өткен жылы кезең-кезеңімен жүргізілген абаттандыру жұмыстары аясында жаңартылып, мұнда балалар және спорт алаңдары орнатылып, тұрғындардың демалысына қолайлы жағдай жасалған.
Мереке күні бұл аула ерекше жанданып, Наурызға тән игі дәстүрлердің көрінісіне айналды. Тұрғындар ортақ дастархан жайып, бір-біріне ақжарма тілектерін арнады. Аға буын өкілдері өздерінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жастарға тағылымды өнеге көрсетті.