Облыс әкімі Шаңырақ күні аясында өнегелі отбасымен жүздесті

Облыс әкімі Шаңырақ күні аясында өнегелі отбасымен жүздесті

Наурызнама онкүндігінің төртінші күні – отбасы құндылықтарына арналған Шаңырақ күні. Бұл – қоғамымыздың ең асыл құндылықтары дәріптейтін ерекше күн.

Өңірімізде еңбегімен, өмірлік тәжірибесімен және татулығымен жас ұрпаққа үлгі болып жүрген өнегелі отбасылар аз емес. Солардың бірі – Сағандықовтар әулеті.

Шаңырақ күні аясында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов көпбалалы Сапарғали аға мен Айман апаның шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады. Ерлі-зайыптылар 57 жылдан бері бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Осы уақыт ішінде 9 бала тәрбиелеп, бүгінде 27 немере мен 7 шөберенің қызығын көріп отырған үлкен әулетке айналған. Бұл – бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан өнегелі отбасының айқын көрінісі.

Сапарғали аға өмірінің үлкен бөлігін ауыл шаруашылығы саласына арнаса, Айман апа ұзақ жылдар бойы есепші қызметін абыроймен атқарған. Балаларын тәрбиелеп, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге қосқан зор үлесі үшін Айман апа І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған.

«Осындай берекелі отбасылар – елдің мақтанышы, қоғамымыздың нағыз байлығы. Дәл осындай әулеттер арқылы халқымыздың игі дәстүрлері сақталып, ұрпақтар сабақтастығы нығая түседі, еңбекқорлық, үлкенге құрмет, туған жерге деген сүйіспеншілік секілді мәңгілік құндылықтар ұрпақтан ұрпаққа жалғасады»,- деді өңір жетекшісі.