
Бүгін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов №595 сайлау учаскесінде референдумға қатысып, дауыс берді.
Облыс аумағында барлығы 581 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Өңір басшысы сайлаушылардың жоғары белсенділігін және елдің қоғамдық-саяси өміріне жауапкершілікпен қатысып жатқанын атап өтті.
«Өңір тұрғындарының жоғары белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігін көру қуантады. Сайлауға қатысу - әр азаматтың облысымыз бен тұтас еліміздің дамуы мен болашағына қосқан маңызды үлесі», - деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы сайлау учаскесіне келген тұрғындармен де әңгімелесті. Солардың қатарында ата-анасымен бірге алғаш рет дауыс берген Сабина Салықова да болды. Облыс әкімі оны осы маңызды әрі айтулы оқиғамен құттықтап, қазақтың көрнекті ақыны әрі ағартушысы Мағжан Жұмабаев туралы кітапты естелік сыйлық ретінде табыстады.
Сондай-ақ сайлау учаскесіне мемлекеттік қызметтің ардагері Аманжол Нұртаев отбасымен келіп, өз таңдауларын жасады. Өңір басшысының айтуынша, әртүрлі буын өкілдерінің дауыс беруі бұл үдерістің қоғам үшін маңыздылығын айқындай түседі.
Қазіргі уақытта сайлау учаскелерінде дауыс беру қалыпты режимде жалғасуда.