
Бұл мереке «Наурызнама» онкүндігінің бастауын білдіреді. Мемлекет басшысының бастамасымен Наурыз мейрамын тойлау жаңа форматта ұйымдастырылып, ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуға және дәріптеуге бағытталуда.
Көрісу күні – үлкенге құрмет көрсетіп, ел бірлігін нығайтатын, адамдар арасындағы сыйластық пен татулықты айшықтайтын ерекше күн. Дәстүр бойынша бұл күні ағайын-туыс, көрші-қолаң бір-бірінің үйіне барып, амандасып, «Бір жасыңмен!» деп ізгі тілектерін білдіреді. Бүгін мыңнан астам қала тұрғыны көшеге шығып, мерекені атап өтті.
Көктемнің басты мейрамы қарсаңында өңірде ондаған мәдени іс-шаралар мен түрлі акциялар өткізіліп жатыр. «Наурызнама» мерекелік онкүндігінің әр күні ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді және қоғамдық бірлікті насихаттауға арналмақ.
«Осы мерекелі күні баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, әр шаңыраққа тыныштық пен татулық тілеймін. Халқымыздың игі дәстүрлері баршамызды одан әрі жақындастырып, достықты, өзара құрмет пен бірлікті нығайта берсін»,- деді облыс әкімі.