
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі салынып жатқан бірқатар нысандардың құрылысын бақылап қайтты. Алғашқы болып Петропавлдағы 280 орындық балабақшаның құрылысын тексерді. Нысан «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен салынуда. Жаңа балабақша мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын едәуір азайтуға мүмкіндік бермек. Нысанның құрылысы қыркүйек айында аяқталады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар Универсальная көшесіндегі жаңа көпірдің құрылысын тексерді. Нысанның дайындығы 85 пайызды құрап отыр. Қазір жаяу жүргінші жолдарын бетондау және қоршаулар орнату жұмыстары жүргізілуде. Жаз уақытында асфальт төсеу және абаттандыру жұмыстары жоспарланған.
Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылында бір ауысымда 250 келушіні қабылдайтын емхананың құрылысына барды. Жоба Ұлттық қор қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Жаңа медициналық нысан аудан тұрғындары үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Өңір басшысы құрылыс жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету үшін техникалық қадағалау қызметіне барлық жұмыстарды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.