
«Бұл аудандарда су тасқыны қаупі орташа деңгейде болғанымен, бей-жай қарауға болмайды - негізгі қауіп көктемгі су тасқынынан туындауы мүмкін»,- деді облыс әкімі.
Тайынша ауданы: 12 елді мекен бақылауға алынды. Ауданда жалпы ұзындығы 34,4 км болатын 15 қорғаныс бөгеті бар - олардың жағдайы тексеріліп, күшейту жұмыстары жүргізілді. Тайынша қаласын қорғау үшін ұзындығы 3 км, биіктігі 1,5 м болатын дамба салынды, 75 су өткізгіш құбыр жұмыс істеп тұр. Арықтар мен су өткізгіш құбырлар қар мен мұздан тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Аққайын ауданы: 12 елді мекен бақылауға алынды. Үлкен Тараңғұл көлінің су тасқыны қаупін азайту үшін жалпы ұзындығы 11,2 км болатын қорғаныс күшейтілді, қосымша 2,7 км-ге дейін кеңейтілді. 2026 жылға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары әзірленіп, су деңгейін тұрақты бақылау ұйымдастырылып, күштер мен құралдардың жедел әрекетке дайындылығы қамтамасыз етілді.
Уәлиханов ауданы: Қорғаныс бөгеттері Құлықоль және Қаратал ауылдарында 11 км-ге дейін күшейтілді. Көбенсай ауылына кіреберіс автожолындағы су көтергіш плотина нығайтылды. Наурыз айында Сілеті өзенінің үш учаскесінде жарылыс жұмыстары жоспарланған.
Жағдай тұрақты бақылауда. Өңір басшысы барлық қажетті шараларды уақытында қабылдау және қар мен суағар жүйелерін тазалау жұмыстарын күшейту бойынша нақты тапсырмалар берді.