
Өңірде Республикалық кино күндерінің ресми ашылуы өтті. Ауқымды мәдени жоба екінші жыл қатарынан Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен ұйымдастырылып келеді. Биыл салтанатты ашылу рәсімі алғаш рет ауылдық жерде — Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимское ауылында өтті.
Кино күндерінің ашылуы аясында өткен жылдың премьерасы — «Капитан Байтасов» фильмі көрсетілді. Шынайы оқиғаға негізделген драма-экшн туындысы Халық Қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігіне арналған.
Апта бойы өңір тұрғындары мемлекеттік қолдаумен түсірілген қазақстандық фильмдерді тамашалай алады. Бағдарлама қазіргі отандық кинематографияның жанрлық және тақырыптық алуандығын қамтиды.
Сонымен қатар Кино күндері аясында аудандық креативті «Digital Zerde» IT-орталығы жанындағы Цифрлық мұражай ашылды. Бұл — келушілерге заманауи технологиялар арқылы аудан тарихымен танысуға мүмкіндік беретін интерактивті кеңістік.