Солтүстік Қазақстан облысы «Абайға құрмет» акциясына қатысты

Солтүстік Қазақстан облысы «Абайға құрмет» акциясына қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткен жылы «Абайға құрмет» республикалық бағдарламасы іске қосылды. Аталған бағдарлама аясында еліміздің өңірлері ынтымақтастық пен өзара құрметтің белгісі ретінде Абай облысына әлеуметтік маңызы бар нысандар салып береді. Бұл бастама – тек инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру емес, сонымен қатар жалпыұлттық бірлікті нығайтудың және ұрпақтар сабақтастығын дәріптеудің нақты көрінісі.

Бүгін Семей қаласында Бейбітшілік аралында Мемлекеттік рәміздер алаңының іргетасын қалау рәсімі өтті. Іс-шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли және Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов қатысты.

Салтанатты рәсім барысында Нұрлан Кеңесов аталған жобаның терең рухани маңызын атап өтті.

«Ертіс жағасындағы еңселі Семейде елдің рухын асқақтататын тарихи сәттің бастауына куә болып отырмыз. Мемлекеттік рәміздер алаңы мен стелла құрылысының капсула салу – бұл жай ғана құрылыс емес, бұл – жүректегі Отанға деген сүйіспеншіліктің нақты көрінісі. Бұл жоба – Солтүстік Қазақстан облысының ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының жүз сексен жылдық мерейтойына орай Абай еліне, қасиетті Семейге жасаған тартуы. Бұл – ағайынның ақ ниеті, елдің елге деген құрметі»,- деді ол.

Жобаға сәйкес диаметрі 28 метр болатын дөңгелек пішіндегі алаң және жалпы биіктігі 35 метрді құрайтын стела салу көзделген. Бұл нысан сәулеттік тұрғыдан айшықты шешім болып, мемлекеттік рәміздерді ұлықтайтын маңызды қоғамдық кеңістікке айналады.

Аталған жобаның іске асырылуы өңірлер арасындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға және ұлы Абайдың рухани мұрасын кеңінен насихаттауға қызмет ететін болады.