
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың төрағалығымен әкімдіктің кеңейтілген отырысы өтті. Өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған міндеттер анықталды.
«Ақпанның 10-ы күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы атап өткендей, біздің негізгі басымдығымыз - өңірдің тұрақты дамуы мен тұрғындар үшін нақты нәтижелерге қол жеткізу болып табылады. 2025 жылдың қорытындылары бойынша облыс барлық негізгі экономикалық салаларда өсім көрсетті. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Біздің стратегиялық міндет - жоғары тиімділікті беретін салаларға бағытталған тұрақты экономикалық модель қалыптастыру, инвестицияларды белсенді тартып, бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасап, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру»,- деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, адам капиталының дамуы мен цифрландыруға ерекше назар аударылады. Облыста халықтың цифрлық құзыреттерін арттыруға және жастарға тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған IT-экожүйе қалыптастырылды. Бұл бастамаларды жүзеге асыру цифрлық алшақтықты азайтуға және өңірдің кәсіби әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.
Кеңейтілген отырыстың қорытындысы бойынша өңір басшысы тұрғындардың өмір сапасын нақты жақсартуға, білім мен денсаулық сақтаудың сапасын арттыруға, инфрақұрылымды дамытуға және халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге бағытталған нақты міндеттер қойылды.