XIV қысқы Паралимпиада ойындары: СҚО спортшылары 7 лицензия жеңіп алды

XIV қысқы Паралимпиада ойындары: СҚО спортшылары 7 лицензия жеңіп алды

Бүгін облыс әкімі шаңғы жарысы мен биатлон бойынша XIV қысқы Паралимпиада ойындарына қатысатын спортшылармен кездесті.

Еліміздің спортшылары жалпы саны 10 лицензия жеңіп алды, соның 7-еуі біздің облыстың өкілдеріне тиесілі. Паралимпиада ойындарында ұлттық құрама сапында Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев және Владислав Кобаль ел намысын қорғайды. 17 ақпанда қатысушылардың қосымша тізімі жарияланады және оның қатарына Денис Зинов енуі мүмкін. Одан бөлек, Олимпиада ойындарында конькимен жүгіру спортынан облысымыздың намысын Надежда Морозова қорғайды.

«Спортшыларымызға сәттілік пен жарқын жеңістер тілеймін. Бүкіл облыс сіздерге жанкүйер болып, әрбір жарыста қолдау көрсетеді! Паралимпиадалық спорт - тең мүмкіндіктер мен мемлекеттің қолдауы адамның әлеуетін ашуға жол ашатынының жарқын көрінісі. Облысымызда инклюзивті спортты дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Үміт» спорт клубы табысты жұмыс істеп келеді»,- деді өңір басшысы.

Мемлекет басшысының өңірлерде инклюзивті спорт орталықтарын ашу жөніндегі тапсырмасы аясында Петропавл қаласында «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры мен «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарлануда.