Петропавл әуежайы өңірдің негізгі мультимодальды логистикалық хабына айналады

Петропавл әуежайы өңірдің негізгі мультимодальды логистикалық хабына айналады

Бүгін облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Бекежан Жәкеевпен ресми кездесті. Кездесу барысында Петропавл қаласының әуежайын өңірлік мультимодальды логистикалық хабқа айналдыру жобасын іске асыру мәселесі қарастырылды.

«Өңіріміздің стратегиялық тұрғыдан тиімді географиялық орналасуы, Ресей Федерациясымен шекаралас болуы, сондай-ақ Қазақстанды Ресейдің ірі өнеркәсіптік өңірлері - Сібір мен Оралмен байланыстыратын негізгі көлік-логистикалық бағыттардың тоғысында орналасуы жобаны іске асыруға қолайлы жағдай жасайды. Петропавл әуежайының қолданыстағы инфрақұрылымы жүк әуе рейстерін қабылдауға, жүктерді қайта тиеуге және терминалдық әрі сервистік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дамытуға мүмкіндік береді»,- деді өңір басшысы.

Мультимодальды логистикалық хабтың құрылуы өңіраралық және халықаралық сауда-экономикалық байланыстарды нығайтудағы маңызды қадамға айналып, облыстың елдегі негізгі логистикалық тораптардың бірі ретіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Өз кезегінде, QazPost басшылығы компанияның өңірмен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті. Қазіргі уақытта жобаны одан әрі іске асыру үшін инвесторларды тарту мәселесі қаралуда.