
Қазіргі уақытта бұрынғы №2 коррекциялық мектеп ғимаратында күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Нысан менталдық ауытқуы бар балалардың қажеттіліктеріне толық бейімделеді. Осы мақсатқа 700 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл жерде әртүрлі бағыттағы мамандар жұмыс істеп, барлық қажетті терапия түрлерімен қамтылады. Жыл сайын шамамен 500 балаға оңалту қызметі көрсетілетін болады.
«Облыс орталығында арнайы орталық ашу мәселесі бірнеше жыл бойы көтеріліп келеді. Ата-аналар балаларының өзге өңірлерге бармай-ақ, қажетті көмекті қалада алуына мүмкіндік жасау туралы өтініш білдірген болатын. Бүгінде өңірімізде менталдық ауытқуы бар 400-ге жақын бала тұрады. Мұндай балалардың дамуы үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Сондықтан Петропавл қаласында орталық ашылатын болады. Бұл «Қамқорлық қоры» корпоративтік қорымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобамыз. Жоба аясында қор орталықты заманауи жабдықтармен және қажетті жиһазбен қамтамасыз етеді»,- деді өңір басшысы.
Ерекше күтімді қажет ететін, оның ішінде тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған тағы бір оңалту орталығы Тайынша ауданының Чкалов ауылында ашылады. Бұл орталық Тайынша, Ақжар және Уәлиханов аудандарындағы шамамен 600 баланы қамтуға мүмкіндік береді.