СҚО мен Қытай арасындағы байланыс кеңеюде: ірі қытай компанияларымен ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойылды

СҚО мен Қытай арасындағы байланыс кеңеюде: ірі қытай компанияларымен ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойылды

Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы  ресми сапармен Қытай Халық Республикасына келді. Қазақстанның ҚХР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышевтің қолдауымен ұйымдастырылған бұл сапар, Қытайдың жетекші корпорацияларымен экономикалық, ғылыми-техникалық байланыстарын нығайту жолындағы маңызды қадам болып отыр.

Бейжің қаласында Қытайдың ең ірі мемлекеттік және жеке компанияларымен, сондай-ақ ғылыми-зерттеу орталықтарымен келіссөздер жүргізіліп, жеті стратегиялық меморандумға қол қойылды.

Сапар барысында  облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов CITIC Construction Co., Ltd компаниясының президенті Ян Цзяньцянь  кездесу өткізді. Тараптар ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, сондай-ақ тау-кен өндірісі саласындағы жаңа бағыттар жайын талқылады. 2026 жылдан бастап өңірде «Asyl Shugar» ЖШС CITIC Construction компаниясымен бірлесе отырып қант зауытының құрылысын бастайды. Екі компания арасында стратегиялық келісімге қол қойылды. 

Қазақ-қытай бірлескен ғылыми-аграрлық орталығын құру жөнінде келісімге қол қойылды. 

Жоба агросектордағы аймақтық мемлекеттік инвестициялық холдинг Henan Agricultural Investment Group Co., Ltd және М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дың бірлескен жобасы болмақ. Орталық агротехнологияларды трансферлеу, қолданбалы зерттеулерді дамыту, сондай-ақ ғылым, білім және бизнестің интеграциясын қамтамасыз ететін маңызды алаңға айналады.

СҚУ мен Chinese Academy of Agricultural Sciences аграрлық технологиялар және ғылыми зерттеулер саласында ынтымақтастықты көздеп отыр. 

Жоба тәжірибе алмасуды, ауыл шаруашылығына цифрлық шешімдерді енгізуді, бірлескен зерттеу бастамаларын дамытуды, мамандардың біліктілігін арттыруды, сондай-ақ агросектордың тұрақты дамуына бағытталған инновациялық платформалар құруды қамтымақ. 

«Радуга» ЖШС мен Hubei Jigshan Light Industry Machinery Co арасында жоғары технологиялық жабдықтарды жеткізу жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл әріптестік картон шығаратын зауыттың салынуын және өндіріс тиімділігін арттыратын заманауи технологияларды енгізуді қамтамасыз етіп, өңір экономикасының дамуына серпін береді.

2019 жылдан бері Ғ.Мүсірепов ауданында «Kazmeel» ЖШС-ның құрама жем өндіру зауыты тиімді жұмыс істеп келеді. 

Бұл қытайлық Beijing Xiyu Zehua корпорациясымен бірлескен жобасы.  Ынтымақтастықты әрі қарай дамыту мақсатында «Kazmeel» ЖШС мен  аудан әкімдігі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Жел энергетикасын ілгерілету бағытында СҚО әкімдігінің Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен жаңа энергетикалық технологиялар саласындағы жетекші компаниялардың бірі - Haitai New Energy Group арасында меморандумға қол қойылды. Бұл құжат өңірде жел қуатын пайдалану жобаларын іске асырудың маңызды қадамы болып табылады.