
Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің күніне арналған салтанатты жиналыс өтті. Жиналған қауымды кәсіби мерекемен СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.
«Күз мезгілінің соңғы айында тойланатын осынау мереке - тынымсыз еңбектің қорытындысын шығаратын уақыт қана емес, сондай-ақ біздің аграрилердің жанкешті еңбектеріне, шеберліктеріне алғыс білдірудің тамаша мүмкіндігі. Биыл Солтүстік Қазақстан облысы елдің аграрлық өндірісінің көшбасшысы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Нәтижесінде осы жылды ауыл шаруашылығы саласындағы рекордтармен қорытындылап отырмыз. Мемлекет тарапынан берілген теңдессіз қолдау мен еңбеккерлеріміздің қажырлы еңбегінің арқасында өнімділігі 21,4 ц/га болатын 6,5 млн тоннадан астам астық, 1,2 млн тонна майлы дақылдар жиналды. Мал шаруашылығы бағытында да айтарлықтай нәтижелер бар. Өңірде мегафермалар салынып, заманауи инновациялық технологиялар енгізілуде.»,- деді өңір басшысы.
Екінші жыл қатарынан жерлестеріміздің еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланып келеді. Биыл «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы механизатор Мурат Кеңесұлы Каражұмановқа берілді. «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы Серік Таттібайұлы Малаевқа табыс етілді.
Одан бөлек салтанатты жиын барысында өңір басшысы үздік аграрилері марапаттады.