
Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эстония Президенті Алар Карис қатысқан қазақстан-эстония бизнес-форумы өтті. Форум жұмысына Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бастаған өңірлік делегация да қатысты.
Іс-шара барысында «Nord Panels» ЖШС Эстонияның Силламяэ портындағы өнеркәсіптік әлеуетті дамыту және оның аумағында фанера зауытын салу жөнінде инвестициялық жоба туралы келісім жасасты.
«Nord Panels» үш жыл ішінде кем дегенде 5 млн еуро инвестиция салып, фанера шығаруды жолға қоюды және жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр. Болашақ кәсіпорын Еуропалық сапа және экологиялық қауіпсіздік стандарттарын сақтай отырып, жылына 30 000 м³ өнім өндірмек.
Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысы мен Эстония арасындағы сауда байланыстары жыл сайын нығайып келеді. 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында өзара сауда көлемі 5,9 млн АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге артты.