Қазақстан–Ресей XXI форумы: СҚО мен Омбы облысы 2025 - 2028 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспарын бекітті

Қазақстан–Ресей XXI форумы: СҚО мен Омбы облысы 2025 - 2028 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспарын бекітті

Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында Қазақстан мен Ресей арасындағы XXI Халықаралық аймақаралық ынтымақтастық форумы өтуде. Биылғы форумның тақырыбы – «Кәсіби мамандықтар – экономикалық өсудің қозғаушы күші».

Іс-шара барысында  облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен  Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко  2025–2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына қол қойды. Бұл құжат сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік, мәдени, гуманитарлық және өзге де салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Форумның пленарлық сессиясына қос мемлекет басшылары бейнебайланыс арқылы қатысты.

«Өз сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ресейдің Қазақстан үшін негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктес екенін атап өтті. Біздің облыс үшін Ресей Федерациясы да басты серіктес болып табылады -  өңіріміздің жалпы сыртқы сауда көлеміндегі  көрші елдің үлесі 60%-дан асады. Соңғы бес жыл ішінде Солтүстік Қазақстан облысы мен Ресей арасындағы тауар айналымы 1,6 есеге өсіп, 697 млн АҚШ долларына жетті»,- деді өңір басшысы.

СҚО Ресейдің шекаралас аймақтары - Омбы, Қорған және Түмен облыстарымен ғана емес, Татарстан Республикасымен де тығыз байланыста. Жергілікті кәсіпорындар ресейлік компаниялармен өнімдерін экспорттау, өндірісте қолданылатын шикізат, материалдар мен құрамдас бөлшектерді импорттау мәселелері бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді.