Өңір футболы жаңа деңгейде: академияны дамыту болашағымен «Qyzyljar» жеке қаржыландыруға көшуде

Өңір футболы жаңа деңгейде: академияны дамыту болашағымен «Qyzyljar» жеке қаржыландыруға көшуде

Мемлекет басшысының кәсіби футбол клубтарын басқару тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында «Qyzyljar» ФК дамудың жеке моделіне көшуде. Қазақстандық кәсіпкер Сергей Кан клубтың жаңа инвесторы болды.

Инвесторға клубтың спорттық құқықтары, оның ішінде «Qyzyljar» бренді, Премьер-лигаға қатысу құқығы, қолданыстағы келісімшарттар және материалдық-техникалық база берілді. Бұл модель басқарудың заманауи әдістерін енгізуге, қаржылық тұрақтылықты арттыруға және клубтың ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Инвестор жыл сайын клубтың дамуына кемінде 1 млрд теңге инвестиция салуға міндеттеме алады. Бұл ретте мемлекеттік қаржыландыру көлемі кезең-кезеңімен қысқарып, үш жыл ішінде толығымен тоқтатылатын болады. Біртіндеп көшу спорттық көрсеткіштердің тұрақтылығын сақтайды және клубқа дербес, тұрақты инфрақұрылым құруға мүмкіндік береді.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп«Қарасай» стадионын клубқа сенімді басқаруға беру мәселесі қаралуда. 

Өңір үшін бұл негізгі команданың жағдайын жақсарту ғана емес, сонымен қатар балалар мен жастар үшін жаңа мүмкіндіктер берілетінін білдіреді. Дайындық негізіне жеке дамуға, жаттығудың заманауи әдіснамасына және кәсіби дағдыларды қалыптастыруға бағытталған академиялық модель құрылатын болады.

Жергілікті тәрбиеленушілерді дамытуға ерекше көңіл бөлінетін болады. Құрылып жатқан «Qyzyljar» академиясы Солтүстік Қазақстан облысының дарынды балаларын іздеу және оларды қолдау орталығына айналады. Жас ойыншылар кәсіби ортада жаттығып, жастар мен резервтік құрамда ойын практикасы алады, ал үздіктер – Премьер-лиганың негізгі командасындағы орынға үміттене алады. Бұл өңірдің жас спортшылары үшін – балалар секцияларынан бастап ел құрамасының деңгейіне дейінгі нақты әлеуметтік лифт болады.