Облысымыздың 4 ауданында топтық су құбырлары мен ауылішілік су желілерін іске қосылды

Облысымыздың 4 ауданында топтық су құбырлары мен ауылішілік су желілерін іске қосылды

Мемлекет басшысының халықты 100 % ауыз сумен қамту жөніндегі тапсырмасын сапалы әрі уақытылы орындау мақсатында өңірде біршама жұмыстар атқарылып жатыр.

Бүгін  облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов және Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен топтық су құбырлары мен ауылішілік су желілерін іске қосу салтанатты рәсімі өтті.

«Үкіметтің  айтарлықтай қолдауы және Су ресурстары және ирригация министрлігінің жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмысының арқасында елеулі нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз.Өңірімізде  сумен жабдықтау саласындағы жобаларды іске асыруға 74 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді, оның ішінде 45 миллиард теңге – мемлекеттік қайтарылған активтер есебінен бөлінген қаражат.»,- деді өңір басшысы. 

Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен:

Булаев топтық су құбырын реконструкциялау және Тайынша ауданының ауылдық елді мекендеріне су құбырлары мен тармақтарын салу жұмыстары аяқталды. 13 ауылға жалпы ұзындығы 170 км болатын су құбырлары салынды, сонымен қатар сорғы станциясы іске қосылды.

Булаев топтық су құбырын реконструкциялау және Ақжар ауданының ауылдық елді мекендеріне су құбырлары мен тармақтарын салу жобасы аяқталды. 5 ауылға жалпы ұзындығы 123,2 км болатын тармақтар салынды.

Көкшетау топтық су құбырына қосылатын су құбырының құрылысы аяқталуға жақын. Жобаның аясында Шал ақына және Айыртау аудандарының 24 ауылына жалпы ұзындығы 220 км тармақтар салынды.

Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде төрт ауданның 22 мыңнан астам тұрғындары орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілді. Айта кету керек, бұл елді мекендердің көпшілігі алғаш рет таза ауыз суға қол жеткізді.

Сонымен қатар, аймақтың 9 ауданында 46 кешенді блок-модуль орнатылып, 37 орталықтандырылған су жабдықтау нысаны салынуда, бұл ауылдық тұрғындарға ауыз судың сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.