Биыл аудан аумағында барлық санаттағы автожолдарды жөндеу бойынша 8 жоба жүзеге асырылуда. Мамлютка – Қостанай бағытындағы республикалық жолдың 63 шақырымдық бөлігінде орташа жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Жолдардың ұзақ мерзімділігі мен көлік қозғалысын бақылауды күшейту мақсатында автоматтандырылған салмақ бақылау жүйесін орнатуды тапсырдым.
Жол бойындағы сервисті дамыту маңызды. Жүсіповтер әулеті қазіргі заманға сай жол бойындағы сервистік кешеннің құрылысын аяқтауда.
Жамбыл ауданында бірқатар маңызды әлеуметтік нысандары жаңартылды: Преснов ауылындағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жөнделді, Кожаберген жырау атындағы орта мектепте күрделі жөндеу жүргізілді, мәдениет үйі мен өнер мектебі жаңартылды, орталық алаң абаттандырылды, мұз айдыны іске қосылды, жазғы уақытта футбол алаңы ретінде пайдаланылады.
Шағын және орта бизнесті дамыту аясында ауданда жаңа дүкендер, супермаркеттер, қонақүйлер ашылуда. Бұл - халықтың өмір сапасын арттырып қана қоймай, ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуына септеседі
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында аудан аумағында 1 гектар жерге 10 000-нан астам көшет отырғызылды.
«Жамбыл ауданы – халқымыздың біртуар перзенттері: Кожаберген Жырау, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Сафуан Шаймерденов және Иван Шуховтың туған топырағы. Осы тарихи-мәдени маңызын ескере отырып, ауданнан өлкетану музейін ашу жөнінде жауапты мекемелерге тапсырма бердім. »,- деді өңір басшысы