Жұмыс сапары аясында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен бірге өңірдің ауыл шаруашылығы өндірушілерімен кездесіп, егін жинау науқанының барысымен және Қызылжар ауданында салынып жатқан мегаферманың құрылысымен танысты.
СҚО агроөнеркәсіптік кешенді дамыту қарқыны бойынша алдыңғы қатарда. 2025 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 255,7 млрд теңгені құрады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыста аграрлық құрылымды әртараптандыру жұмыстары кең көлемде жүргізілуде: зығыр, рапс, күнбағыс және жасымық сияқты жоғары табысты дақылдардың егіс көлемі артты. Майлы дақылдардың жалпы көлемі 1 миллион гектарға жетті. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш.
Биылғы жылғы егін жинау науқаны аяқталуға жақын. Бүгінгі таңда өңір диқандары 5,6 миллион тонна астық жинады, бұл жоспардың 95,3 % құрайды. Орташа өнімділік - 20 ц\га. Ал «Зенченко и К» КС, «Вагулинское» ЖШС және «Ногайбай» ЖШС сияқты бірқатар шаруашылықтар - 50 ц/га дейін өнім алды.
Өңір мал шаруашылығын дамытуда да көш бастап тұр. Бүгінде облыста 110 сүт фермасы жұмыс істейді, оның 42-сі соңғы үш жылда салынған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда. Олардық қатарында 8 000 басқа арналған «Зенченко и К» КС мегафермасы, Орталық Азиядағы ең ірі «Карусель» қондырғысы орнатылатын, 10 000 басқа арналған «СК Агро – 2050» ЖШС-ның сүт кешені, сондай-ақ «Возвышенка СК» ЖШС мен «Атамекен Агро Корнеевка» ЖШС-ның цифрлық фермалары бар.
Заманауи технологияларды енгізу мен мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің аграрлық саласындағы жетекші өңір мәртебесін одан әрі нығайтып келеді.