Ұстаздар күніне орай облыста салтанатты жиын өтті. Іс-шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, өңірдің білім саласына өлшеусіз үлес қосып жүрген ардагер ұстаздар мен жас мамандарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, құрмет көрсетті.
Аймақ басшысы өз сөзінде мұғалім мамандығының маңыздылығына ерекше тоқталды:
«Еліміздің болашағы, жас ұрпақтың қалыптасуы, кәсіби тұрғыдан өсуі мен өмірлік тәжірибе жинақтауы ұстаздардың даналығы мен төзімділігіне тікелей байланысты. Ұстаздық - ұрпақ тәрбиелеу арқылы ұлттың болашағына жол сілтеу, елдің ертеңіне негіз қалау. Бұл - үлкен жауапкершілік пен биік сенімді қатар арқалаған абыройлы миссия.»
Бүгінде өңірде 16 мыңнан астам педагог еңбек етуде. Облыстың білім беру жүйесі тұрақты түрде дамып келеді. Соңғы жылдары жасанды интеллект элементтері мектептерге енгізіліп, өңірлік білім сапасы республика көлемінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Бұл - ұстаздар қауымының бірлескен еңбегінің нақты нәтижесі.