🔹 ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына келді. Сапар барысында министр облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен бірге Мамлют ауданы аумағында орналасқан «Жаңа жол» автомобиль өткізу пунктінің жұмысымен танысты.
🔹 Автомобиль өткізу пункттерін дамыту жөніндегі жол картасын іске асыру аясында аталған нысанды қайта жаңарту жоспарланған. Жоба аясында бақылаудың автоматтандырылған жүйесін енгізу, кедендік және шекаралық органдардың ақпараттық платформаларын біріктіру, сондай-ақ жүк пен жолаушыларды жедел рәсімдеуге арналған «жасыл дәліздерді» ұйымдастыру көзделген.
🔹 Сонымен қатар, республикалық маңызға ие Мамлютка – «Жаңа жол» өткізу пункті бағытындағы автомобиль жолының 30 шақырымдық учаскесінде жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.
📍 Жол картасына сәйкес, 2030 жылға дейін өңір аумағындағы «Жаңа жол», «Қызылжар», «Қарақоға» және «Бидайық» халықаралық өткізу пункттері кезең-кезеңімен жаңғыртылады.