«Sensitive» театры ШЫҰ халықаралық сахнасында өнер көрсетеді

«Sensitive» театры ШЫҰ халықаралық сахнасында өнер көрсетеді

23–29 тамыз аралығында Қытайдың Тяньцзинь қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті аясында ұйымдастырылған «ШЫҰ кездесуі — жүректің үні» халықаралық мәдени іс-шарасы өтуде.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 27 тамыз күні фестиваль сахнасында Солтүстік Қазақстан облысынан шыққан ерекше өнер ұжымы – «Sensitive» би театры өнер көрсетеді. Бұл – еліміздегі есту қабілеті шектеулі жандардан құралған жалғыз би ұжымы. Олармен бірге сахнада есту қабілеті төмен балалардан құралған «Кішкентай дельфиндер» хоры да өнер көрсетеді.

Олардың бірлескен қойылымы – жай ғана өнер туындысы емес. Бұл – рухтың күші, тең мүмкіндіктер мен шекарасыз өнер тілі туралы әсерлі үндеу. Бұл — жүректің үні сөзден де биік шығып, халықтар мен мәдениеттерді жақындастыра алатынын көрсететін оқиға.

Жерлестерімізге сәттілік тілейміз!