СҚО-да ауыл шаруашылығы техникасы егін жинау науқанына 100% дайын

СҚО-да ауыл шаруашылығы техникасы егін жинау науқанына 100% дайын

Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде өткен жиында егін жинау және мал азығын дайындау науқанының барысы талқыланды.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында өңірде егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Биыл табыстылығы жоғары күнбағыс, зығыр, рапс және жасымық сынды дақылдардың егіс көлемі едәуір артты. Бұл аграрлық сектордың экспорттық әлеуетін нығайтып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің табысын арттыруға мүмкіндік береді.

Жиналатын алқаптың жалпы көлемі – 4,3 млн гектар. Бүгінде дәнді дақылдардың 90 % қанағаттанарлық жағдайда. Тұқым жаңарту деңгейі 11,2 % жетті. Сонымен қатар, заманауи ылғал үнемдеу технологиялары белсенді түрде енгізілуде.

Ауыл шаруашылығы құрылымдарына 329 мың тонна минералдық тыңайтқыш енгізілді. Егін жинау жұмыстарына 7 мыңға жуық астық комбайны қатысады, оның ішінде 4 мыңы – жоғары өнімді техникалар. Ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы — 100 %. 58,2 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді.

Өңірдегі 45 элеватор мен сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы 6,9 млн тоннаны құрайды. Қазіргі таңда барлық элеваторлар егін қабылдауға толық дайын.

Бұған қоса, 1 млн тонна шөп пен 302 мың тонна сүрлем дайындалды.

Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына аудан әкімдерімен бірлесіп, егін жинау науқанын агротехникалық мерзімге сай аяқтауды, барлық элеваторлардың жұмысын және шаруаларды жанар-жағармай мен қажетті материалдармен қамтуды қатаң бақылауға алуды тапсырды.