Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Айыртау ауданына барды. Сапардың негізгі мақсаты – инфрақұрылымды жақсартуға, өмір сапасын арттыруға және ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған әлеуметтік-экономикалық жобалардың іске асырылуын бағалау.
Өңір басшысы Бірлестік ауылында күрделі жөндеуден өткен мәдени-сауықтыру орталығы мен жаңадан салынып жатқан су құбырымен танысты. «Lavrovskoe GCK» ЖШС-де шабындық науқанының барысын көріп, аудан диқандарымен өзекті мәселелер мен алдағы жоспарларды талқылады.
Антоновка ауылы да белсенді дамып келеді. «Борисфен» ЖШС өз жұмысшыларына арналған тұрғын үйлер салып жатыр. Мұнда наубайхана мен қымызхана ашылып, жаңа жұмыс орындары құрылуда.
Саумалкөлде Ғауез Нұрмұхамбетов асфальт-бетон зауыты мен қазандықтардың жұмысымен танысты, сондай-ақ агротехникалық колледжде «Tin One Mining» компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды – бұл кадр даярлауда маңызды қадам.
Айыртау ауданы – өңіріміздің туристік інжу-маржаны. «Шалқар су» шипажайы мен «Сокол» балалар лагерінде жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жолдар жөнделіп, демалушылар үшін қолайлы жағдайлар жасалуда, 3 байланыс бағаны орнатылмақ. Кутузовка ауылында құрғақ бие сүтін өндіретін бірегей ферма салынып жатыр. Кирилловка ауылында облыс әкімі тұрғындармен кездесу өткізіп, ауданның дамуы жөнінде сұрақтар мен ұсыныстар қаралды.