Петропавлдағы эко-пикник: СҚО жастары «Таза Қазақстан» аясында жасыл болашақты қалай қалыптастырып жатыр

Петропавлдағы эко-пикник: СҚО жастары «Таза Қазақстан» аясында жасыл болашақты қалай қалыптастырып жатыр

2025 жылдың 18 шілдесінде Петропавл қаласындағы «Динамо» стадионының қарсы бетіндегі көгалда, ашық аспан астында әдеткі қала ырғағынан өзгеше ұйымдастырылған экологиялық пикник түрінде шара өтті. «Таза табиғат – таза болашақ» атты бұл мереке Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» кең ауқымды жобасының бір бөлігі ретінде ұйымдастырылып, қала тұрғындарын, еріктілер мен жастар ұйымдарын біріктірді.

Іс-шараны ұйымдастырған «JE SKO штабы» қоғамдық бірлестігі, ал қолдау көрсеткен – «Birgemiz» еріктілер фронт-офисі. Пикник бейресми әрі мазмұнды форматта өтті: мұнда экология жайында айтылып қана қоймай, оны күнделікті өмірде қолдану, экологиялық өмір салтын насихаттау басты назарда болды.

Алғашқы минуттардан бастап қатысушылар жылы әрі достық атмосфераны сезінді. Көзге бірден түсетін эко-плакаттар, белсенділік пен демалыс аймақтары шараның көрігін қыздыра түсті. Ең бастысы – қоршаған ортаны қорғауға деген шынайы қызығушылық байқалды. Ұйымдастырушылар шараның маңызын тартымды етіп жасауға тырысты. Бағдарламада тимбилдинг ойындары, экологиялық квест-викторина, шай ішу бұрышы, үстел және қимыл-қозғалыс ойындары түрінде ұйымдастырылды.

– Экологияны қатаң ғылым ретінде емес, күнделікті өмірдің бір бөлігі ретінде қабылдауды қаладық. Қалдықтарды сұрыптау, пластиктен бас тарту, саналы тұтыну сияқты қарапайым әрекеттер егер оның жеңіл әрі жағымды екенін көрсетсең, әдетке айналуы мүмкін, – деді еріктілер фронт-офисінің жетекшісі Анастасия Волкова.

Эко-пикник командалық рухты нығайту алаңына айналды. Командалық тапсырмалар мен викториналар арқылы жастар бірлесіп жұмыс істеуді ғана емес, сонымен бірге қалдықтарды дұрыс кәдеге жарату мен көміртек ізін азайту бойынша шешімдер табуды үйренді.

– Біз жастарды әлеуметтік маңызы бар іске тартып отырмыз. Сол үшін қарым-қатынас, өзара әрекеттесу мен ойын секілді түсінікті және қызықты форматтарды қолдандық. Бұл – әрі мотивация, әрі алдын алу, әрі бастамаларды қолдау, – деп атап өтті «Штаб JE SKO» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Даяна Баймуканова.

Пикник аясында тек экологиялық ыдыс-аяқ қолданылды, ал қалдықтар фракцияларға бөлініп, сұрыпталды. Қатысушылар салауатты өмір салты қағидаларын тыңдап қана қоймай, оларды іс жүзінде жүзеге асыруға ат салысты.

Шара еріктілік қозғалысына бұрыннан белсенді қатысып жүргендер мен алғашқы қадамдарын енді бастап жатқан жастар үшін кездесуге және шабыттануға арналған орын болды. Еріктілер өз тәжірибелерімен және мотивацияларымен бөлісті.

– Экологиялық бастамаларға бірнеше рет қатыстым. Мұндай шаралар адамды бейжай болмауға тәрбиелейді. Осындай кездесулерден кейін бұл бағытта ары қарай жұмыс істегің келеді, – дейді «Көмек қасыңда» қозғалысының еріктісі, «Жасыл ел» бағдарламасының қатысушысы Дамир Тайгулин.

Петропавлдағы эко-пикник – бір реттік шара емес, бүкіл елді қамтитын үлкен экологиялық қозғалыстың бір бөлігі. «Таза Қазақстан» бағдарламасы экологиялық мәдениетті, тұрақты дағдыларды қалыптастыруға және азаматтарды табиғатты қорғауға арналған нақты әрекеттерге тартуға бағытталған.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, дәл осындай бейресми, «жанды» форматтағы шаралар қоршаған ортаға жауапты көзқарасты қалыптастыруға көмектеседі. Ал экологиялық идеялар жеке тәжірибеге айналғанда, олар өмір салтына айналады.

#ТазаҚазақстан #тұрақтыдаму #тазасел #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan