СҚО әкімі Чехия делегациясымен кездесті

СҚО әкімі Чехия делегациясымен кездесті

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Чехия Парламенті депутаттар палатасы төрағасының орынбасары Ян Бартошек және Қазақстандағы Чехияның Елшісі Павол Шепелякпен мазмұнды кездесу өткізді. Әңгіме барысында екіжақты әріптестіктің болашағы сөз болды. Екі ел арасындағы ынтымақтастық белсенді дамып келеді — әсіресе ауыл шаруашылығы дақылдары мен техника салаларында.

"Чехия бизнесін Солтүстік Қазақстан облысындағы инвестициялық жобаларға қатысуға шақырдым. Біздің өңір ашық диалогқа және бірлескен перспективалы бастамаларды іске асыруға дайын. Серіктестігіміз нығая түсетініне сенімдімін", - деп атап өтті өңір басшысы. 

Сонымен қатар, облыс әкімі Пржевальский тұқымды жылқыларын Еуропа елдерінен, соның ішінде Чехиядан, тарихи Отанына — Қазақстанға қайтару бойынша келісімдер аясында жүргізіліп жатқан маңызды жұмысты ерекше атап өтті. Бұл – тарихи және табиғи мұраны сақтау жолындағы маңызды қадам. Өйткені, дәл Солтүстік Қазақстан облысы — Ботай мәдениетіне тән осы бірегей жылқылардың қолға үйретілген отаны болып саналады.

Чехия делегациясы Петропавлдың тарихи нысандары мен көрнекті орындарын аралады. Әсіресе, зауыт аумағында сақталған казармалар ерекше қызығушылық тудырды — кезінде бұл жерде чехословак легионерлері орналасқан болатын. Бұл естелік орындар — халқымыздың ортақ тарихының символы әрі елдеріміз арасындағы достықтың тағы бір алтын көпірі.