Петропавлда заманауи мұз аренасы мен әмбебап спорт аренасы салынады

Петропавлда заманауи мұз аренасы мен әмбебап спорт аренасы салынады

Өңірде халықаралық деңгейдегі заманауи спорт нысандарын салуға ерекше мән берілуде. Былтыр  әлемдік стандарттарға сай үстел теннисі орталығы салынды. «Қарасай» стадионы қайта жаңғыртудан кейін УЕФА талаптарына сай.

Бүгінгі қаланы аралау кезінде СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Қизатов көшесінде орналасқан алаңға барды. Бұл жерде халықаралық стандарттарға сай 400 метрлік конькимен жүгіру жолы, екі хоккей корты мен керлинг алаңдары бар көпфункционалды мұз аренасы салынады. Жанында 50 метрлік олимпиадалық жүзу бассейні, жекпе-жек пен көркем гимнастика залдары, волейбол, баскетбол және фитнес залдары бар әмбебап спорт аренасы бой көтереді. Бұл нысандарда халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік болады.

Сонымен қатар, өңір басшысы Береке шағын ауданындағы жаңа оқу жылында есігін ашатын жаңа жайлы мектептің құрылысын тексерді. «Жас Өркен» шағын ауданында балабақша құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Сондай-ақ, Ғауез Нұрмұхамбетов Жұмысшы кентіндегі жол өткелі мен Берекедегі Малая көшесіндегі жол құрылысының барысын бақылады. Барлық мердігерлерге қойылған басты талап – сапалы әрі уақытылы аяқтау.

Азаматтарды қабылдау кезінде түскен өтінішке сәйкес облыс әкімі «Дария» базарының санитарлық жағдайын тексерді. Жалпы, базар иелеріне сатып алушыларға жайлы жағдай жасап, санитарлық нормаларды сақтау және аумақты абаттандыру қажет деп атап өтті облыс әкімі.