СҚО әкімі Қазақстан Конституциясы көшесін жаңғырту жұмыстарын бақылады

СҚО әкімі Қазақстан Конституциясы көшесін жаңғырту жұмыстарын бақылады

Мерекелік күнге қарамастан, Петропавлда Қазақстан Конституциясы көшесін жаңғырту жалғасуда. Қаланың басты жаяу жүргіншілер көшесі үш кезеңде жаңғыртылуда. Қазіргі таңда бірінші кезең – Астана көшесінен Парковая көшесіне дейінгі аралықта жұмыс белсенді жүріп жатыр. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыстарды бақылады. Алғашқы кезеңді қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр.

Қазірдің өзінде 35 мың шаршы метр кеспетастың 20 мыңы төселді. Көше шамдары мен орындықтар жаңартылуда, халықты ақпараттандыру үшін заманауи жарнамалық стелалар орнатылуда. Бас алаңда су аркалары мен бу шығаратын жаңа субұрқақ орнатылады – әсіресе балаларға ұнайтыны анық. Сонымен қатар, қазіргі субұрқақтар да жөндеуден өтеді. Көше біртіндеп заманауи әрі жайлы келбетке ие болуда, ол тұрғындар мен қонақтар үшін тартымды серуендеу орнына айналмақ.

Қала күні түрлі алаңдарда атап өтілуде. Балаларға арналған концерт пен «Кішкентай мисс Петропавл» байқауы өтті. Шарада балалармен бірге сәндік құмыраларды боядық – біреуіне өңір басшысы естелік ретінде қолтаңба қалдырды.

«Qyzyljar Art Center» арт-кеңістігінде шығармашылық ұжымдар концерт қойып, дарынды жастардың жобаларымен танысты. «Бір ауыл – бір өнім» көрмесінде жергілікті шаруашылықтар өз өнімдерін ұсынды. 

"Шын жүректен жылы атмосфера мен шынайы эмоциялар үшін баршаңызға алғысымды білдіремін!", - деп атап өтті өңір басшысы.