Тайынша қаласында 29-шы «Ақбидай–2025» облыстық ауыл спорт ойындарының ашылу салтанаты өтті. Ашылу рәсіміне СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, депутаттар, аудан әкімдері, ауылдықтар және бүкіл облыстан спортшылар қатысты. «Ақбидай» – бұл жай ғана жарыс емес, бұл – достық пен бірліктің, отансүйгіштік пен жігердің мерекесі. Кезінде дәл осындай алаңдардан басталған алғашқы жеңістер көптеген ауыл спортшыларын үлкен спорт жолына жетеледі.
Жыл сайынғы бұл жазғы спорт мерекесі өңіріміздің ең үздік ауыл спортшыларын біріктіреді. Президент тапсырмасына сәйкес, ауыл спортын дамыту, салауатты өмір салтын дәріптеу және бұқаралық спортты ілгерілету – басты басымдықтардың бірі. Бұл ойындар – осы мақсаттарға жетудегі маңызды қадам.
"«Ақбидай» ойындары — нағыз тартысты бәсекенің алаңы ғана емес, сонымен бірге болашақ чемпиондардың жұлдызы жанатын үлкен мүмкіндік алаңы. Барша қатысушыларға сәттілік пен жарқын жеңістер тілеймін!", - деп атап өтті өңір басшысы.
Бүгінде өңірде спортты қолдауға үлкен назар аударылуда: ауылдарда жаңа спорт кешендері, хоккей корттары, заманауи көпфункционалды алаңдар бой көтеруде. Жергілікті спортшыларымыз жарыстарда лайықты нәтиже көрсетуде. Бұған қоса, кәсіпкерлер де спортты дамытуға белсенді үлес қосып келеді.