Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов су шаруашылығы қызметкерлерінің күніне орай маңызды салада еңбек етіп жүрген өңір мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, Мемлекет басшысы атынан мемлекеттік наградаларды табыстады. Марапат алғандар сумен қамтушы кәсіпорындардың шеберлері, слесарлары, машинистері мен операторлары, дәл осы мамандар күнделікті еңбегімен тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп отыр.
Су - тіршілік көзі. Ал су шаруашылығы —үлкен жауапкершілікті, кәсібилікті және табиғаттың кез келген сын-қатеріне дайын болуды талап ететін маңызды бағыт. Сала мамандарының еңбегінің арқасында өңірдегі су инфрақұрылым нығайып, стратегиялық жобалар іске асуда.
Биыл бірінші көтергіш су сорғы станциясын жаңарту аяқталды, енді резервтік станцияның құрылысы алда тұр. Мемлекет басшысының халықты 100% сапалы ауызсумен қамту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Үкімет қайтарылған активтер есебінен 45 млрд теңге бөлді. Қаражат Соколов, Булаев және Преснов топтық су құбырларын қайта жаңғыртуға, жаңа су құбырларын және тарату желілерін салуға бағытталады. Бұл облыстағы барлық ауылдарды таза ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
"Сала мамандарының алдында ауқымды міндеттер тұр. Барша су шаруашылығы қызметкерлеріне амандық, тұрақтылық және туған өлкенің игілігі жолындағы қызметтерінде толағай табыс тілеймін!", - деп атап өтті өңір басшысы.