Бүгін М.Қозыбаев атындағы СҚУ-де СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның көшпелі отырысы өтті. Бұл іс-шара Мемлекет басшысы белгілеген «Заң және Тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды.
Отырыс кеңейтілген форматта өтті — оған қоғам өкілдері мен сарапшылар тартылып, түрлі бастамалар мен өзекті мәселелер бойынша ашық және сындарлы пікір алмасуға мүмкіндік берілді. Университеттің кездесу алаңы ретінде таңдалуы да кездейсоқ емес — мемлекет жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше көңіл бөледі.
Отырыста құқық қорғау және атқарушы органдардың басшылары, екінші деңгейлі банктер, білім беру ұйымдары, қоғам мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
▪️Күн тәртібінде екі негізгі мәселе қаралды. Бірінші мәселе – қаржы пирамидаларына, интернет-алаяқтыққа және заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл. Бұл ретте халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, екінші деңгейлі банктермен жұмысты жандандыру қажеттігі ерекше аталып өтті. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту және алдын алу материалдарын цифрлық кеңістікке енгізу тапсырылды.
▪️Екінші мәселе – Петропавл қаласындағы қылмыстық ахуал. Отырыс қорытындысы бойынша қылмыс деңгейін төмендетуге, «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілетуге, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету ісіне қоғам мен депутаттарды белсенді тартуға, сондай-ақ өңір тұрғындары үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған нақты тапсырмалар берілді.
Сарапшылар қоғамдық тәртіпті бұзудың алдын алу мақсатында ойын-сауық орындарына бақылауды күшейту, салауатты өмір салтын насихаттау құралы ретінде «Салауатты ауыл» жобасын кеңейту, есірткі саудасына қарсы жүйелі күрес жүргізу және жастар арасында профилактикалық жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.