Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Аққайың ауданындағы «Оқжетпес» балалар жазғы лагерінде болды. Мұнда жазғыс демалыстың жаңа маусымы ашылды.
"Балалардың жазғы демалысты белсенді, мазмұнды әрі көтеріңкі көңіл-күймен бастағанына қуаныштымын", - деп жазды өңір басшысы.
Лагерьде балалардың қауіпсіз әрі жайлы демалысы үшін барлық жағдай жасалған: жөнделген корпустар, абаттандырылған аумақ, бейнебақылау, сапалы тамақтану, медициналық қызмет және әр тақырыпқа арналған қызықты ойын-сауық бағдарламалары.
Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты басымдықтардың бірі. Биыл 1–10 сынып оқушыларының 95%-ы түрлі демалыс және еңбекпен қамтылмақ. Бұл – 64 мыңнан астам оқушы.
Жазғы маусым облыстағы 10 лагерьде басталады, онда 6 мың бала демалады. Биыл 4 лагерь жаңартылды.
"Біз әрбір баланың жазы – жаңа ашылымдарға толы, дамуға бағытталған әрі қауіпсіз, қамқор ортада өткен демалыс болуын мақсат етеміз", - деп атап өтті облыс әкімі.