СҚО әкімі 17 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасымен кездесті

СҚО әкімі 17 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасымен кездесті

Өңірде көктемгі егіс науқаны қызу жүріп жатыр. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Жұмабаев ауданына жасаған жұмыс сапары барысында көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысып, «Нурсен Агро» ЖШС егіс алқаптарында  диқандармен кездесті.

Ауданда жол бойы сервис дамуда. «Эталон-Маркет» жанармай құю станциясын жаңартып, жобаға 500 млн.тг  инвестиция құйды. Сондай-ақ, 25 адам еңбек ететін «Азия Woods» ағаш өңдеу цехы табысты жұмыс істеуде. Кәсіпорын ағаш көмірін, жаңқа, брикет пен поддондар шығарады.

Өңір басшысы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аудан жұртшылығымен көшет отырғызуға қатысты. Жалпы мұнда 23 мың ағаш  егілмек.

Ғауез Нұрмұхамбетов Успенка ауылындағы су мәселесін шешуге бағытталған жобаның жүзеге асуын тексерді — мұнда 2,5 шақырым таратушы су желісі тартылмақ. Сонымен қатар, су жүйелерінің құрылысы мен жаңғырту Лебяжье, Достық, Октябрьское, Қарағанды, Қарақоға және Булаево елді мекендерінде де жүргізілуде.

Сулышоқ ауылында СҚО әкімі жергілікті  шаруа Қайрат Жәнібеков салған шағын орталық пен демалыс орталығында болды. Бизнестің әлеуметтік салаға белсенді араласып, ауылдың дамуына үлес қосып жатқаны құптарлық. 

"Ауылда  көпбалалы отбасылармен ерекше кездесу өтті. Гүлнұр Ахаева мен Асхат Нүсіпов 17 бала тәрбиелеп отыр, оның 10-ы – асыранды. Нұркен Нұрсейіт пен Сарагүл Бейсебаева 9 баланы өсіріп жатыр, олардың төртеуін асырап алған. Бұл отбасылардың балаларға деген шексіз қамқорлығы– зор құрметке лайық", - деп жазды облыс әкімі. 

Булаевода мектеп-бөбекжай кешені күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жақын арада жас техниктер үйі, Батыр Баян атындағы мектеп-гимназия және «Березка» балалар лагері де жаңартылмақ. 

Сапар соңында мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесу және көпбалалы аналарға «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» төсбелгілерін табыстау рәсімі өтті. Аймақ басшысы балаларды тәрбиелеп, еліміздің болашағына қосқан үлесі үшін Анастасия Кислинская, Наталья Шаманаева, Меруерт Құлымбетова, Елена Нарыгина және Лидия Бойкоға алғыс білдірді.