СҚО-да 64 мың бала жазғы демалыспен қамтылады

СҚО-да 64 мың бала жазғы демалыспен қамтылады

Жазғы демалыс жақындап келеді — бұл балалар үшін ерекше әрі есте қаларлық кезең. 

"Сондықтан, әрбір баланың жазды пайдалы және көңілді өткізуі маңызды. Біздің басты міндетіміз — сапалы, мазмұнды және қауіпсіз демалысты қамтамасыз ету" - деп атап өтті облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов әкімдік отырысында. 

Биыл өңірдегі оқушылардың 95%-ын немесе 64 мың баланы түрлі жазғы демалыс және бос уақытты ұйымдастыру түрлерімен қамту жоспарлануда. Бұл мақсатта қала сыртындағы, мектеп жанындағы, шатырлы және киіз үйлі лагерьлер, сондай-ақ спорт секциялары жұмыс істейтін болады. Жазғы демалысты ұйымдастыруға 6 мың педагог қатысады.

Өткен жылы қала сыртындағы лагерьлерде 5,8 мың бала демалса, биыл бұл көрсеткіш 6,2 мың жеткізілмек. Лагерьлердің инфрақұрылымы жаңартылуда: бес нысанды  жөндеуге 393 млн теңге бөлінді.

Мектептер жанында 424 алаңша ашылып, 58 мың оқушы қамтылады. Бос уақытты ұйымдастыру 4 бағытты қамтиды: еңбек, спорттық-туристік, шығармашылық және зияткерлік.

Аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балаларға, жетімдерге, ерекше балаларға және дарынды оқушыларға ерекше назар аударылады. Олар жазғы сауықтыру мен демалыстың барлық түрлерімен қамтылады.