Облыс әкімінің өкімімен және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімі бойынша Мафруза Тасболатқызы Науанова Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Мафруза Тасболатқызы 1975 жылы дүниеге келді. Солтүстік Қазақстан облысының тумасы. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтын және Көкшетау экономика және менеджмент институтын «Математика және информатика», «Экономика» мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын Айыртау ауданының Володар орта мектебінде мұғалім болып бастаған. Әр жылдары Айыртау ауданы әкімі аппаратында бас маман, бөлім басшысы қызметтерін атқарды. Сондай-ақ ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту салаларындағы аудандық және қалалық бөлімдерді басқарды.
Кейін Айыртау ауданы әкімінің орынбасары, Солтүстік Қазақстан облысы Білім басқармасының қорғаншылық, қамқоршылық және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды.
Осы тағайындауға дейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.
Өңіріміздің тарихында алғаш рет Қазақстанның баға жетпес тарихи мұраларының бірі – бірегей Ботай мәдениетіне арналған толықметражды көркем фильм түсірілуде. Бұл жоба өңір мен ел үшін стратегиялық маңызға ие. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтыңөңірлерде креативті индустрияны дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Фильмнің түсірілімі халықаралық тәжірибе мен жергілікті мамандардың әлеуетін тоғыстырған облыстың креативті индустрия саласындағы флагмандық жобасына айналды.
Қазіргі таңда түсірілімнің негізгі кезеңі басталды. Ол Петропавл қаласын ғана емес, облыстың бірқатар аудандарын да қамтиды. Бұл фильм өңіріміздің бай тарихи-мәдени мұрасын кеңінен танытуға зор үлес қоспақ. Сондай-ақ көрермен қауымды Ботай мәдениетінің бірегей тарихымен таныстырып, Солтүстік Қазақстанды Ұлы дала өркениетінің бастау алған мекені ретінде жаңа қырынан танытады.
Өңір басшысы түсірілім тобына табысты жұмыс, шығармашылық шабыт тілеп, фильмнің еліміздің мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналып, Солтүстік Қазақстан облысын республикалық және халықаралық деңгейде лайықты таныстыратынына сенім білдірді.
Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Аймақ басшысы денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың өңір тұрғындарының өмірі мен денсаулығын сақтаудағы өлшеусіз еңбегін ерекше атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерді бейбіт күннің батырлары деп әділ бағалады. Денсаулық сақтау жүйесін дамыту және медицина қызметкерлерін қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Өңірде денсаулық сақтау саласын жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Соңғы үш жылда саланы қаржыландыру көлемі 2,5 еседен астам өсіп, 2022 жылғы 3,9 млрд теңгеден 2025 жылы 10,4 млрд теңгеге жетті. Жүзеге асырылып жатқан бұл жобалардың барлығы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, саланың кадрлық әлеуетін нығайтуға және медицина қызметкерлеріне лайықты еңбек жағдайларын жасауға бағытталған», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Үш жылдың ішінде өңірде ауысымына 250 адам қабылдайтын үш заманауи емхана пайдалануға берілді, 60-тан астам денсаулық сақтау нысаны жаңғыртылып, медициналық ұйымдар 600-ден астам заманауи медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілді.
Ауылдық денсаулық сақтауды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Ұлттық жоба аясында облыс аудандарында 46 жаңа медициналық нысан салынып, ауыл тұрғындарының сапалы медициналық көмекке қолжетімділігі едәуір артты.
Биыл Айыртау ауданында 100 төсектік аурухана мен бір ауысымда 250 адам қабылдайтын емхананың құрылысы басталады. Петропавл қаласында жедел медициналық жәрдем станциясының жаңа ғимаратының құрылысы басталды. Ал Бескөл ауылында бір ауысымда 250 адам қабылдайтын заманауи емхана бой көтеруде.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапары аясында, өңірдегі өнеркәсіптік, инфрақұрылымдық, энергетикалық және агроөнеркәсіптік жобалардың іске асырылу барысымен танысты.
✔️ «Петропавл электротехникалық зауыты» трансформаторлар мен олардың құрамдас бөлшектерін өндіруге маманданған. Жобаның жалпы құны 10 млрд теңгені құрайды.
✔️ Премьер-Министрдің бірінші орынбасары сондай-ақ өңірдегі ірі машина жасау кәсіпорындарының бірі – «ЗИКСТО» ЖШС-нің қызметімен танысты. Кәсіпорын теміржол жылжымалы құрамын өндіреді. 2025 жылы жалпы аумағы 12 мың шаршы метр болатын жаңа зауыттың құрылысы аяқталып, заманауи роботтандырылған технологиялық желі іске қосылды. Жобаның құны 25 млрд теңгені құрайды, 300 жаңа жұмыс орны ашылды.
✔️ Сапар барысында Нұрлыбек Нәлібаев CLAAS ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру зауытының, «Масло-Дел» ЖШС май экстракциялау зауытының, «Зелёный Север» жылыжай кешенінің және «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ-ның жұмысымен танысты. Бұл жобалар өңірдің өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, шикізатты терең өңдеуге және жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге бағытталған.
✔️ Энергетикалық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Петропавл ЖЭО-2-де 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысы, сондай-ақ жөндеу және инвестициялық бағдарламалардың іске асырылуы таныстырылды. 2025 жылы инвестициялық бағдарлама көлемі 15 млрд теңгені құраса, ағымдағы жылы 16,2 млрд теңге қарастырылған.
✔️ Сонымен қатар Петропавл қаласында Универсальная көшесі бойындағы жол өтпесі жобасы таныстырылды. Жобаны іске асыру қала аудандары арасындағы көлік және жаяу жүргіншілер байланысын жақсартып, көлік ағындарын азайтуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінде нысанның дайындық деңгейі 90%-ды құрайды, аяқталуы ағымдағы жылдың тамызына жоспарланған.
✔️ Бұдан бөлек, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары «Qyzyljar» экопаркі мен «Зенченко және К» КТ-нің заманауи сүт-тауар фермасының құрылысымен танысты. 8 мың басқа арналған, «Карусель» қондырғысымен жабдықталатын ферма Орталық Азиядағы ең ірі кешендердің біріне айналмақ.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары сондай-ақ Новоникольское ауылының әлеуметтік инфрақұрылымын аралап көрді. «Зенченко және К» КТ әлеуметтік жауапкершілігі жоғары бизнестің үлгісін көрсетіп отыр: кәсіпорын есебінен Новоникольск ауылында тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынған. Соңғы бес жылда әлеуметтік жауапты бизнес ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға 3,2 млрд теңгеден астам инвестиция салған.
✔️ Аталған жобалардың іске асырылуы Солтүстік Қазақстан облысының өнеркәсіптік және аграрлық әлеуетін нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аппараты басшысының бұйрығымен Гүлбақыт Хәкімқызы Манабаева Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы болып тағайындалды.
Гүлбақыт Хәкімқызы 1982 жылы туған, Солтүстік Қазақстан облысының тумасы.
2004 жылы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Биология-химия» мамандығы бойынша, 2007 жылы Орталық Азия университетін «Юриспруденция» мамандығы бойынша тамамдаған.
Еңбек жолын 2004 жылы қалалық классикалық гимназияда химия пәнінің мұғалімі болып бастаған. 2011 – 2024 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің бас маманы, бөлім басшысы, басшы орынбасары қызметтерін атқарды.
Осы тағайындауға дейін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің бас сарапшысы болып жұмыс істеді.
Құрметті жерлестер!
Сіздерді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Ту, Елтаңба және Әнұран - халқымыздың тәуелсіздігі мен бірлігінің, елдік рухы мен ұлттық құндылықтарының айқын белгісі. Мемлекеттік рәміздер – әр азаматтың жүрегінде Отанға деген мақтаныш пен патриоттық сезімді нығайтатын қасиетті нышандар.
Бүгінде көк Туымыз әлем аренасында биікте желбіреп, Елтаңбамыз егемен еліміздің айбынын айшықтап келеді. Ал Әнұранымыз әрбір қазақстандықтың жүрегіне рух пен сенім ұялатады. Осынау мерекеде баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін!
Петропавлда республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру аясында «Green City Day» экологиялық интерактиві өтті. Іс-шара экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды дамытуға және жастарды тазалықты сақтауға бағытталған бастамаларға тартуға бағытталды.
«Green City Day» - жастардың Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыруға және табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға қосқан үлесі. Экологиялық әдеттер қарапайым қадамдардан басталады - қалдықтарды сұрыптау, ресурстарды үнемдеу және туған қаланың тазалығына жауапкершілікпен қарау. Интерактив жастарды табиғатқа ұқыпты қарау идеясы төңірегінде біріктірді. Қатысушылар экология саласындағы білімдерін тексеріп қана қоймай, қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу, ресурстарды үнемдеу және экологиялық ағарту бойынша пайдалы дағдыларды тәжірибе жүзінде бекітті.
Іс-шараның басты мақсаты - ойын және интерактивті форматта жастарға табиғатқа ұқыпты қараудың негізгі құндылықтарын сіңіру және күнделікті өмірде экологиялық әдеттердің маңызын көрсету. Сонымен қатар интерактив студенттік және жастар ұжымдарын біріктіруге, командалық жұмысты дамытуға, идеялар алмасуға және белсенді азаматтар қауымдастығын қалыптастыруға ықпал етті.
«Green City Day» аясында қатысушылар бірнеше тақырыптық станциядан өтті. «Эко-викторина» станциясында олар экология, табиғатты қорғау және қоршаған ортаға ұқыпты қарау тақырыптарына қатысты сұрақтарға жауап берді. «Планетаға тілек ағашы» станциясында жастар табиғатты сақтау бойынша экологиялық тілектері мен идеяларын жазып, оларды символикалық ағашқа бекітті.
Тағы бір тәжірибелік алаң «Контейнерлерге бөлу» станциясы болды. Мұнда қатысушыларға пластик, қағаз, шыны және металл сияқты әртүрлі қалдықтардың үлгілері көрсетілді. Олардың міндеті - қалдықтарды тиісті контейнерлерге дұрыс орналастыру.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Green City Day» - бұл жай ғана танымдық іс-шара емес, әрбір қатысушыға қоршаған ортаға деген жеке жауапкершілігін көрсетуге, экологиялық белсенділікке қатысуға және табиғатты сақтауға бағытталған ортақ қозғалыстың бір бөлігі болуға мүмкіндік.
Іс-шара «Таза Қазақстан» бағдарламасын жергілікті деңгейде іске асыруға қосылған үлес және экологиялық жауапты қоғам қалыптастыру жолындағы тағы бір қадам болды.
#ТазаҚазақстан #тұрақтыдаму #тазаел #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan
2026 жылғы 3 маусымда ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барады.
Сапар аясында өңір тұрғындарымен кездесу өткізіліп, азаматтарды жеке қабылдау жоспарланған (2026 жылғы 3 маусым, сағат 11:00, Петропавл қаласы, Жамбыл Жабаев көшесі, 195).
Өтінім сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін 8 (7172) 74-07-47 телефоны арқылы қабылданады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов халықаралық және республикалық олимпиадалардың, сондай-ақ ғылыми жобалар байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен кездесті.
«Өңірдің ең басты байлығы – балаларымыз. Білімді, бастамашыл әрі бәсекеге қабілетті жас ұрпақ – еліміздің жарқын болашағының берік негізі. Бүгінде біздің оқушыларымыз өз жетістіктерімен Солтүстік Қазақстанның абыройын асқақтатып, өңірімізді республика көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де танытып келеді. Балалардың қабілетін шыңдап, олардың білімге деген құштарлығын қолдап жүрген ұстаздар мен ата-аналарға шынайы алғысымды білдіремін. Жас дарындардың алдағы уақытта да толағай табыстарға жетіп, жаңа белестерді бағындыратынына сенімдімін», – деді облыс әкімі.
Бүгінде өңірде 73 мыңнан астам оқушы білім алуда. Олардың 2,5 мыңнан астамы түрлі деңгейдегі зияткерлік сайыстарға белсенді қатысып, облыс пен елдің мерейін абыроймен қорғап келеді.
Биыл 33 жоғары сынып оқушысы халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында үздік нәтиже көрсетіп, жеңімпаз және жүлдегер атанды. Жас дарындардың жетістіктерін бағалап, олардың еңбегі мен білімге деген ұмтылысын қолдау мақсатында облыс әкімі арнайы сыйақылар табыстады.
Халықаралық балаларды қорғау күні құтты болсын! Балалар – отбасының қуанышы, өмірдің жалғасы, тәуелсіз еліміздің келешегі. Сондықтан олардың қауіпсіз ортада өсіп, сапалы білім алып, бойындағы қабілеттерін дамытуына жағдай жасау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Өңірде балалардың жан-жақты дамуына, білім алуына, спортпен және шығармашылықпен айналысуына қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Осы жарқын мерекеде барлық бүлдіршіндерге зор денсаулық, шаттық пен қуаныш, жаңа жетістіктер мен биік армандар тілеймін. Ал ата-аналарға, ұстаздарға және бала тәрбиесіне үлес қосып жүрген барша жандарға шынайы алғысымды білдіремін.
Әр шаңырақтан бала күлкісі естіліп, әр отбасының бақыты арта берсін! Балаларымыздың болашағы жарқын, армандары асқақ болсын!