
2026 жылдың 30 маусымы мен 1 шілдесінде «Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы» КММ «Жұмағали Тлеулин атындағы Солтүстік Қазақстан жоғары медицина колледжі» ШЖҚ КМК түлектерге диплом тапсыру салтанатты рәсімі өтті.
Бұл айтулы күн оқуын табысты аяқтап, медицина қызметкерлерінің қатарына қосылуға дайын жас мамандардың өміріндегі маңызды белес болды. Олар Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау жүйесінің дамуына лайықты үлес қосуға әзір.
Салтанатты шараға Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Саржанов Нұрсұлтан Жанатұлы, колледж директоры Иманжанов Нұрболат Тұрмысұлы, осы колледждің түлегі болған көп бейінді облыстық балалар ауруханасының директоры Мұстафин Айдар Жантөреұлы, сондай-ақ көп бейінді облыстық аурухананың бас директоры Айманов Нұрлан Бағдәулетұлы қатысты.
Құрметті қонақтар түлектерге арнаған құттықтау сөздерінде таңдаған мамандықтарының маңыздылығын атап өтіп, кәсіби жолда нық қадам басып, білімдері мен дағдыларын үнемі жетілдіріп отыруға, медицина қызметкері деген жоғары мәртебеге лайық болып, қоғам игілігі жолында абыроймен қызмет етуге тілек білдірді.
Салтанатты рәсімнің ерекше сәті Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әмрин Сәкен Өмірсерікұлының атынан оқуда жоғары жетістіктер көрсеткен, колледждің қоғамдық өміріне белсенді қатысқан және студенттік қоғамдастықтың дамуына елеулі үлес қосқан студенттерге алғыс хаттарды (Алғыс хат) тапсыру болды.
Түлектерді лайықты тәрбиелеп, оларға әрдайым қолдау көрсетіп, білім алуларына қолайлы жағдай жасағаны үшін колледж директоры Иманжанов Нұрболат ата-аналарға Алғыс хаттар табыстап, болашақ медицина қызметкерлерінің қалыптасуына қосқан зор үлестері үшін шынайы ризашылығын білдірді.
Салтанатты рәсім жылы әрі мерекелік көңіл күйде өтті. Түлектерге дипломдар, лайықты марапаттар табысталып, колледж басшылығы, денсаулық сақтау жүйесінің өкілдері, оқытушылар мен ата-аналар жүрекжарды ақ тілектерін арнады.
Колледж әкімшілігі түлектерді оқуын сәтті аяқтауымен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, кәсіби өсу, бақ-береке, өз күштеріне деген сенім және адам өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған абыройлы қызметтеріне толайым табыс тілейді.