
Медицина қызметкері күні қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің қатысуымен салтанатты іс-шара өтті.
Салтанатты жиын барысында денсаулық сақтау саласының үздік өкілдері жоғары кәсібилігі, көпжылдық адал еңбегі және отандық медицинаны дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін мемлекеттік наградалармен, ведомстволық төсбелгілермен, Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталды.
Бірінші вице-министр Тимур Сұлтанғазиев өңірдің медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, лайықты марапаттарын табыстады.
Сонымен қатар іс-шара аясында облыстың медициналық ұйымдарына жаңа санитарлық автокөліктердің кілттері тапсырылды. Заманауи көліктер облыстық және аудандық медициналық ұйымдарға беріліп, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді.
Мерекелік шара адам денсаулығын сақтауға және өмірін арашалауға бар ғұмырын арнаған медицина қызметкерлеріне көрсетілген зор құрмет пен шынайы ризашылықтың айқын көрінісі болды.